“Shoqan Ecology 2025” халықаралық ғылыми форумы 200-ден астам жас экологты біріктірді
2025 жылдың 26–27 сәуір күндері Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектепте “Shoqan Ecology 2025” халықаралық ғылыми форумы өтті. Іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген 8–12-сынып оқушыларын біріктіріп, қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды қайта өңдеу, баламалы энергия көздері және экология саласындағы технологиялық және бизнес шешімдер тақырыптарына арналған ғылыми жобаларды ұсынуға мүмкіндік берді. Форумға 200-ден астам оқушы қатысты.
Форум Орталық Азия экологиялық зерттеу институтының (CAIER) қолдауымен ұйымдастырылып, 10 миллион теңге көлеміндегі жүлде қорымен ерекшеленді. Іс-шараның мақсаты – жас ғалымдардың ғылымға қызығушылығын арттыру және жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған қолданбалы зерттеулерге қолдау көрсету.
Биыл алғаш рет форум аясында 3–7-сынып оқушыларына арналған “Shoqan Ecology Junior” секциясы ұйымдастырылды. Бұл бастама ең жас зерттеушілерге ғылыми жобалармен айналысуға және алғашқы тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.
Форум барысында сөз сөйлеген Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің құрылтайшысы, эколог Әсел Тасмағамбетова:
“Экологиялық сын-қатерлер — бүгінгі ғана емес, болашақтың да өзекті мәселесі. Мектеп — жаңа идеялар туатын, ойлау жүйесі қалыптасатын және болашақ көшбасшылар өсетін орын. Осындай форумдар арқылы біз балаларға білім беріп қана қоймай, олардың әлемді өзгерте алатынына деген сенімді нығайтамыз”, — деп атап өтті.
“Shoqan Ecology 2025” форумы жас зерттеушілердің ғылыми білімге деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың әлеуетіне және тұрақты болашақ құру мүмкіндігіне деген сенімді нығайтқан маңызды алаңға айналды.
Іс-шараның табысты өтуіне үлес қосқан барлық серіктестерге, қазылар алқасына, ата-аналарға және, ең алдымен, форумның бастамашылары — Кенес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетоваға алғыс білдіріледі.